Авторларға арналған нұсқаулығы

Авторларға арналған нұсқаулығы

1. Мақаланы жариялауға ұсыну үшін журналдың https://yazlit.ppu.edu.kz/ сайтында тіркеуден өту қажет.

Одан кейін мәтіндік өрістерді толтыру керек.

Мақаланың doc/docx (MS Word) форматындағы 2 файлын тіркеу қажет.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Бірінші файлда автор(лар) туралы толық мәліметтер болуы тиіс; файл автор(лар)дың тегі бойынша аталу керек. Екінші файл анонимді болуы, яғни автор(лар) туралы мәліметтерді қамтымауы тиіс; анонимді файл «Анонимді мақала» деп аталады.

ЕСКЕРТУ: Журналға авторлар саны 3-тен асатын мақалалар қабылданбайды. Одан әрі көпшілік офертаны – ұсынылған мақаланың дербес сипатта екендігіне, мақаланы плагиатқа тексеруге келісім беруге және баспагерге айрықша құқықтарды беруге қатысты келісімді қабылдау қажет.

Толтырылған деректерді тексеріп, «Жіберу» батырмасын басу керек.

Мақаланы қарау кезеңдері мен нәтижелері сіздің жеке кабинетіңізде көрсетіледі.

2. Мақаланың көлемі барлық метадеректерді (аңдатпалар, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, автор(лар) туралы мәліметтер) қоса алғанда кемінде 20 000 таңбаны (бос орындарымен қоса) құрауы тиіс және 40 000 таңбадан (бос орындарымен қоса) аспауы қажет. Көрсетілген көлемнен асатын жұмыстар журнал редакциясымен келісілген жағдайда ғана ерекше жағдайларда жариялауға қабылданады.

3. Жұмыстың мәтіні ҒТАХР рубрикаторынан (Ғылыми-техникалық ақпараттың халықаралық рубрикаторы; http://grnti.ru/ сілтемесі бойынша анықталады) басталады, одан кейін автор(лар)дың инициалдары мен тегі қалың қаріппен, ұйымның толық атауы, қала, ел, автор(лар)дың ORCID нөмірі, электрондық поштасы, мақаланың атауы бас әріптермен қалың қаріппен, аңдатпа және түйінді сөздер беріледі. Аңдатпа 200–250 сөзден тұруы тиіс, күрделі формулаларды қамтымауы, мақаланың мазмұны мен атауын қайталамауы, дәйексөздер, жұмыстың мәтініне сілтемелер және пайдаланылған әдебиеттер тізімін қамтымауы қажет. Аңдатпа зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындыларының қысқаша мазмұнын көрсетуі тиіс.

Мақала мәтіні 12 өлшемде Times New Roman қарпімен, бір жарым интервал арқылы теріледі. Барлық жақтан жолақтар 2 см, абзацтық шегініс – 1,25 см болуы тиіс. Мақаладағы мысалдар тек қиғаш қаріппен, асты сызылмай беріледі. Мысал ішінде бөліп көрсету қажет болған жағдайда қалың қаріп қолданылады. Бөлімдердің тақырыптары қалың қаріппен рәсімделеді. Бөлімдер ішіндегі бөлімшелерді араб цифрларымен нөмірлеуге рұқсат етіледі.

4. Ғылыми мақаланың құрылымы келесі бөлімдерді қамтуы тиіс: Кіріспе, Материалдар мен әдістер, Нәтижелер, Талқылау, Қорытынды, қаржыландыру туралы ақпарат (бар болған жағдайда), Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. Нәтижелер мен Талқылау бөлімдерін «Нәтижелер және талқылау» атты бір бөлімге біріктіруге рұқсат етіледі.

5. Кестелер жұмыстың мәтініне тікелей енгізілуі тиіс; олар нөмірленіп, атауы болуы және мәтінде оларға сілтеме жасалуы қажет. Суреттер мен графиктер келесі стандартты форматтардың бірінде ұсынылуы тиіс: PS, PDF, TIFF, GIF, JPEG, BMP, PCX. Нүктелік суреттер 600 dpi ажыратымдылықта дайындалуы қажет. Суреттерде барлық деректер мен бөлшектер анық әрі айқын көрсетілуі тиіс.

6. Пайдаланылған дереккөздерге сілтемелер мақала мәтінінде дөңгелек жақшаларда келесі түрде беріледі: (Ахметов, 2020, б. 23) немесе (Ибраев, 2018). Бірнеше дереккөз көрсетілген жағдайда: (Ибраев, 2018; Ахметов, 2020; Иванов, 2022). Бір автордың бір жылда жарияланған еңбектері болған жағдайда сілтемеде әріптік белгі қолданылады: (Ибраев, 2018а), (Ибраев, 2018б).

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мақала мәтінінде сілтемелері берілген жұмыстарды ғана қамтуы тиіс. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі нөмірленбей, алфавиттік тәртіппен рәсімделеді. Ағылшын тіліндегі еңбектер қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерден кейін, сондай-ақ алфавиттік тәртіппен орналастырылады. Дәлелдерде пайдаланылған, бірақ жарияланбаған жұмыстарға сілтеме жасауға жол берілмейді. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде соңғы 5 жылда жарияланған ағылшын тіліндегі еңбектердің кемінде 30% болуы тиіс, олардың Scopus немесе Web of Science дерекқорларынан алынуы ұсынылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімін рәсімдеу үлгілері журнал сайтындағы «Мақала үлгісінде» берілген.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Редакция авторлардан дефис (-) пен сызықшаны (–) ажырата қолдануды сұрайды. Журналдағы мақалаларда, жинақтарда бет аралықтары, жылдар мен ғасырлар аралықтары сызықша (–) арқылы көрсетіледі.

7. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінен кейін (мақаланың тіліне байланысты қазақ немесе орыс тілінде) References бөлімі беріледі, яғни пайдаланылған әдебиеттердің транслитерацияланған (https://translate.google.com/) және ағылшын тіліндегі бөліктерінің комбинациясы ұсынылады. References бөлімі APA стиліне (Америкалық психологиялық қауымдастықтың жарияланым жөніндегі нұсқаулығы) сәйкес рәсімделуі тиіс: https://apastyle.apa.org/products/publication-manual-7th-edition, https://apastyle.apa.org/style-grammar-guidelines. References бөлімінің ағылшын тіліндегі және транслитерацияланған бөліктерінің комбинациясында мақала мен кітап атауларының ағылшын тіліндегі ресми аудармасы квадрат жақшаларда көрсетілуі қажет. Егер мақала ағылшын тілінде жазылған болса, References бөлімінен кейін пайдаланылған дереккөздің тіліне байланысты қазақ және орыс тілдеріндегі «Пайдаланылған әдебиеттер тізімі» беріледі. Авторлар https://translate.google.com/ сайтында көрсетілген транслитерация ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Транслитерацияның өзге жүйелері қабылданбайды және мұндай мақалалар кері қайтарылады. References бөліміндегі ағылшын және транслитерацияланған бөліктердің комбинациясын рәсімдеу үлгісі «Мақалаларды рәсімдеу үлгісінде» келтірілген.

Одан кейін әрбір автор бойынша мәліметтер беріледі (ғылыми атағы, қызметтік мекенжайы, ORCID, электрондық поштасы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде).

8. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жауапты авторлардан мақаланы бірлесіп жазу барысындағы әрбір автордың үлесін CRediT рөлдеріне сәйкес көрсету талап етіледі. CRediT таксономиясы ғылыми нәтижелерге әр қатысушының нақты үлесін сипаттайтын 14 түрлі рөлді қамтиды.

Рөлдер: Тұжырымдама; Деректерді басқару; Формалды талдау; Қаржыландыруды тарту; Зерттеу жүргізу; Әдіснама; Жобаны әкімшілендіру; Ресурстар; Бағдарламалық қамтамасыз ету; Қадағалау; Тексеру; Визуалдау; Жазу – бастапқы жоба; Жазу – шолу және редакциялау.

Барлық рөлдер әрбір мақалаға бірдей қолданыла бермейтінін, сондай-ақ авторлар бірнеше рөлді қатар атқару арқылы үлес қосуы мүмкін екенін ескеру қажет.

Қосалқы авторлардың үлесін сипаттау мақала соңында «Авторлардың үлесі» деген тақырыппен «Авторлар туралы ақпарат» кейін беріледі.

9. Мақалаларды сараптамадан өткізу тәртібі

Редакцияға түскен мақалалар міндетті түрде бірінші кезеңде осы «Нұсқаулықта» және журналдың сайтындағы «Мақала үлгісінде» көрсетілген талаптарға сәйкестігін анықтау мақсатында бастапқы техникалық тексеруден өтеді. Мақаланың рәсімделуі журнал талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мақала қабылданбайды. Авторларға мақаланы рәсімдеу автор(лар)дың міндеті екенін еске саламыз; редакция тек қажетті талаптар мен мақаланы рәсімдеу үлгісі туралы толық ақпаратты ұсынады және мақаланы сараптаудың алғашқы кезеңінде техникалық бақылауды жүзеге асырады. Егер автор(лар) бастапқы техникалық тексеруден 3 рет өтпесе, мақала түпкілікті түрде қабылданбайды және журналда қайта қарауға жіберілмейді.

Екінші кезеңде мақалалар міндетті түрде antiplagiat.com (https://antiplagiat.com/) жүйесі арқылы тексеруден өтеді, мақаланың түпнұсқалылық деңгейі кемінде 75 % болуы тиіс.

Егер авторлар жасанды интеллектіні пайдаланған болса, олар жазу үдерісінде генеративті жасанды интеллект пен жасанды интеллектке негізделген технологияларды қолданғанын міндетті түрде ашып көрсетуі қажет. Ол үшін негізгі мақала файлының соңында, «Пайдаланылған әдебиеттер тізімінің» алдында тиісті мәлімдеме енгізілуі тиіс. Мәлімдеме «Жазу үдерісінде генеративті жасанды интеллектіні және жасанды интеллектіні пайдаланатын технологияларды қолдану туралы мәлімдеме» атты жаңа бөлімде орналастырылуы қажет.

ЖИ-ні пайдалану туралы мәлімдеме: Осы мақаланы дайындау барысында автор(лар) [ҚҰРАЛДЫҢ АТАУЫ, НҰСҚАСЫ] [КҮНІ] келесі сұранымды: «[СҰРАНЫМНЫҢ ТОЛЫҚ МӘТІНІ]», [НАҚТЫ МАҚСАТ] мақсаттары үшін пайдаланды. Автор(лар) алынған нәтижені қажеттілігіне қарай тексеріп, өңдеді және жарияланымның мазмұны мен тұтастығына толық жауапкершілік алады.

Бастапқы техникалық бақылаудан және плагиатқа тексеруден өткеннен кейін мақалалар анонимді екі реттік «соқыр» рецензиялауға жіберіледі. Рецензиялау мерзімі 2 айдан 6 айға дейінгі аралықты құрайды. Автор(лар) рецензиялау нәтижелері туралы жеке кабинет арқылы хабардар етіледі. Теріс рецензия алған мақалалар қайта қарауға қабылданбайды.

Түзетілген мақалалардың нұсқалары және автордың рецензентке берген жауаптары редакция белгілеген мерзімдерде журналдың сайтындағы автордың жеке кабинеті арқылы редакцияға жіберілуі тиіс. Егер 1 ай ішінде жеке кабинетте автордың ескертулерге және редакция хабарламаларына берген жауаптары болмаған жағдайда, мақала қабылданбайды. Оң рецензия алған мақалалар талқылау үшін журнал редакциясына ұсынылады.

Мақалаларды сараптау кезеңдерінен өту үдерісі ашық болып табылады, автор мақалаға қатысты кезеңдерді журналдың сайтындағы өзінің жеке кабинетінде бақылап отыруы және сол арқылы редакциямен байланыс жасауы тиіс.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Редакция мақалаларды рәсімдеу, мақаланың мазмұны және жариялау туралы шешімдер бойынша авторлармен пікірталасқа түспейді.